ҚР “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының Абай облысы филиалының төрағасы Мерей Қартпен кездесу
7 ші сәуір күні Абай атындағы кітапханада Облыстық білім басқармасымен бірлесіп Қазақстан Жазушылар Одағының Абай облысы филиалының төрағасы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын, Облыстық мәслихат депутаты Мерей Қартпен кездесу кеші өтті.
Аталмыш шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, Шәкәрім атындағы, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенттері мен қаламыздың бірнеше мектеп оқушылары қатысты.
Кеш барысында қонақтар ақынның өз аузынан оның өмірбаяны, шығармашылығы және атқарған қызметтері жайлы естіп, танысты. Ақын оқушы іні-қарындастарына поэзияға деген сүйіспеншілігінің қашан оянғанын, оған кімнің әсер етіп, неден шабыт алатындығы жайлы әсерлі әңгімелеп берді. Одан бөлек, жеке басының қызғушылықтары жайлы да ой бөлісті.
Бір мезет Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледждің студенттері ақынның шығармашылығынан әзірлеген сахналық қойылым ұсынып, әндер шырқады.
Поэзия сүйер қауымның әдебиетке деген құмарлығын оятуға бағытталған бұл шарада ақын үшін күтпеген тосын сый ретінде «Қарашықтағы құбылыстар» кітабының электронды яғни қазіргі заман талабына сай ұялы телофон арқылы оқу нұсқасын М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің ұстаздары тарту етті.
Шара ақынның өлеңдері, фотосуреттері жинақталған слайд көрсетілімімен, бейне материалдармен сүйемелденіп арнайы кітап көрмесі ұсынылды.
Кездесу соңын ақынның өнердегі аға-достары экран арқылы ақ тілектерін жолдап, ақын інісі Азамат Серікұлы арнау жырымен тәмәмдады. Сонымен қатар ақын осындай тамаша кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымы мен облыстық білім басқармасына өз алғысын білдіріп, кеш қонақтарына кітаптарын сыйға тартты.