Күшті, епті, жылдам: спорттық-патриоттық эстафета
4 мамыр күні Абай атындағы кітапхананың балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, жас өркенді спорттық ойындарға бейімдеу және патриоттық тәрбие беру мақсатында №22 ЖОББ және №17 ЖОББ орта мектебінің 6 сынып оқушылары арасында «Күшті, епті, жылдам» атты спорттық-патриоттық эстафета ұйымдастырды.
Мемлекетік гимн орындаумен басталған спорттық шара барысында ҚР Қарулы Күштері туралы қысқаша мәліметтер беріліп, кең көлемді кітап көрмесіне шолу жасалды.
Эстафета, сайыстың өту тәртібі, әр топтың аттары мен ұрандары белгілініп, таныстырылумен басталды. «Сұңқар», Тұлпар» топтары «Кім шапшаң», «Жерден көтерілу», «Кедергілер арқылы жүгіру», «Тапқыр», «Кім мықты», «Көздеу» атты алты түрлі топтық ойын түрлерінен сайысқа түсіп, бақ сынасты. Ал әділқазылар алқасы сайыскерлердің күшін, ептілігі мен жылдамдығы бойынша бағалады. Сайыс қортындысы бойынша ең көп ұпай жинаған №22 орта мектептің оқушылары ерекше көзге түсіп, жүлделі бірінші орын иеленді, барлық сайыскерлер белсенділік, ептілік пен жылдамдық көрсете білді. Қатысушылардың патриоттық рухын көтерген №22 ЖОББ оқушысы Әлібекова Таңшолпанның «Қазақстан» және №17 ЖОББ оқушысы Такен Сабинаың «Отан» әндері ерекше әсер қалдырды. Кітапхана әкімшілігі тарапынан шараға шәкірт дайындаған ұстаздар мен белсенділік танытқан оқушылараға алғыс хаттар табыс етілді. Мерекелік эстафета кітапхана қызметкері, жас айтыскер ақын Кенжебек Қуандықтың демеушілігімен өтті.