Қазақстанның киелі жерлері: өлкетану сағаты
13 маусым күні «Семей қаласының қарттар мен жалпы үлгідегі мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің» қамқорлығындағы адамдар үшін «Қазақстанның киелі жерлері» атты өлкетану сағаты ұйымдастырылды. Абай кітапханасы қызметкерлері іс-шараны екі тілде өткізіп, көрермендер назарына слайд-презентациялар ұсынды. Іс-шараға қатысушылар Қазақстандағы және Абай өңіріндегі ежелгі Сығанақ қонысы, Бегім ана мұнарасы, Бекет ата мешіті, Берел қорғандары, Абылайкит кешені, Ырғызбай Досқанұлы кесенелері және Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Еңлік-Кебек ескерткіші сияқты киелі жерлер туралы әңгімелерді қызығушылықпен тыңдады. Шара барысында өлкеміздегі киелі тарихи орындары, этнографтар мен тарихшылар жинаған тарихи деректер мен сол орындарға байланысты аңыз-әңгімелер баяндалып, кітапхана қорындағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік – Кебек көркем шығармалары туралы да мәліметтер берілді. Іс-шара жүргізушілері Абай ауданындағы Жидебай тарихи-мәдени кешені мен көпшілік баратын Семей қ. маңындағы «Киелі бұлақ» тарихына ерекше тоқталып өтті.
Шараға қойылған кітап көрмесі көрермендердің қызығушылығын тудырды. Көрмеге киелі орындардың тарихи маңызын ашатын «Түркістанға сапар», Б.Щербаковтың «Жидебайдың жұлдызды даласы», Қ.М.Байпақовтың «Средневековые города Казахстана», О.Жанайдаровтың «Легенды Древнего Казахстана» және Қазақстанның киелі жерлері жайлы тағы басқа кітаптар қойылды.