Домбыра музыкасының сиқырлы әлемі: кітап көрмесі
1 шілде күні Абай кітапханасында Ұлттық домбыра күніне орай кітапхананың тұрақты пайдаланушылары үшін қазақ мәдениетінде маңызды орын алатын және қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраға арналып «Домбыра музыкасының сиқырлы әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шараға келушілер домбыраның шығу тарихы мен қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыра туралы халық арасындағы аңыздарымен, музыкалық аспаптың жасалу технологиясымен танысты.
Көрмеге Құрманғазы, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова, Әміре Қашаубаев сынды домбыра өнерінің ұлы классиктерінің таланты мен шеберлігін танытатын әдебиеттер қойылып, библиографиялық шолу жасалды.
Сонымен қатар кітап көрмесінде Сәкен Сейфуллин мен Қадыр Мырзалиевтің домбыраға арналған өлеңдері мен дастандарынан тұратын түрлі жанрдағы кітаптар, оқулықтар, фотоальбомдар орын алды.
Кітапхана пайдаланушылары Н.Нәжімеденовтың «Домбыраның қоңыр үні», Ғ.Елшібайдың «Домбыраға арнаған пьесалар», Т.Мерғалиевтің «Домбыра сазы» және басқа да домбырамен орындалатын музыкалық шығармаларға арналған кітаптарға ерекше назар аударды.
Кітапханамыздың тұрақты оқырмандары шетелдік студенттердің назарына үш тілдегі басылымдар, соның ішінде ағылшын тіліндегі «Ancient motifs of the Great steppe» және Ж.А.Тұрдығұловтың «Dombyra» кітаптары ұсынылды. Шара нәтижесінде шетелдік студенттер домбыра туралы мол мағлұмат алып, осы аспаптың қазақ халқы үшін маңыздылығын түсініп, қазақтың рухын көтеретін – күмбірлеген домбыраның қоңыр үніне тәнті болды.