Абай сирек мерзімді басылымдарда: ретро әдеби шолу
Абай атындағы кітапхана 13 шілде күні «Абай сирек мерзімді басылымдарда» тақырыбында ретро әдеби шолу өткізді. Шолуға ҚР Ұлттық ғылым академиясының профессоры Айдархан Қайрат және Ахметова Еркежан ханым Астана қаласынан арнайы келді.
Кітапхана қызметкері арнайы келген қонақтарды алдымен кітапхананың іргетасы қаланған кезден бастап жинақталған әдебиеттермен, бүгінгі күні алтын қорды құрап отырған сирек басылымдар қорымен, өлкетану деректерімен, Семейлік басылымдар – Облыс Басқармасы немесе көпес Плещеев баспаханасынан жарық көрген кітаптармен, 1894 жылы шыққан «Семипалатинские Областные Ведомости» газетімен және кітапхана тарихымен таныстырды.
Кітапханамыздағы сирек қорымыздың өлкетану бойынша дереккөздері болып табылатын Орыс Географиялық Қоғамының «Жазбалары», «Есептері», Семей облыстық статистика комитетінің «Шолулары», 1897 және 1900 жылғы «Памятная книжкалар» және 1894 жылы шыққан «Семипалатинские Областные Ведомости» газеті кемеңгер ақынның қоғам қайраткері ретінде бейнесін ашып көрсететін құнды деректер. Абай Құнанбайұлының көзі тірісінде жазылған, өміріне тікелей қатысы бар тарихи фактілерді көрсететін алтын қорға қонақтардың барлық назары ауып, терең мән беріп, қызығушылық танытып мұқият тыңдады. Қайрат аға Абай атамыздың өмірінен тікелей дерек беретін комитеттің есептері мен жазбаларын өтініш білдіріп кеудесіне басып, алған әсерін жасыра алмады. Ақпарат беретін дереккөздердің түпнұсқа екендігі қонақтарды ерекше таңдандырды.
Алған ақпараттарға, тамаша деректерге көз айым болған кітапхана қонақтары өз ризашылықтарын айтып, алғыстарын білдірді.