Шәкәрім мұрасы – мәңгілік мұра: теле көпір
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана ағымдағы жылдың шілде айының 27 күні Жетісу облысы Қаратал ауданының орталық кітапханасы ұйымдастырған Шәкәрім Құдайбердиевтің 165 жылдық мерейтойына арналған Zoom-платформасында өткен «Шәкәрім мұрасы – мәңгілік мұра» – теле көпір шарасына сирек басылымдар «алтын қорынан» дайындаған «Шәкәрім тұлғасы: сирек басылымдар беттерінен» баяндамасымен қатысты. Қаратал ауданының орталық кітапханасы мен Қаражиде, Ескелді, Қанабек, Тастөбе ауылдық кітапханаларынан Р.Мамирова, З.Амреева, М.Атибекова, З.Чумекбаева сынды әріптестеріміз әзірлеген баяндамалар Шәкәрім тұлғасын ақын, ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер сынды сан қырынан терең ашып, шығармашылық асыл мұраларымен таныстырды. Шараға қатысқан кітапхана оқырмандары Шәкәрім өлеңдерін оқып, Қанабек ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі Мысықов Ерланның орындауында «Алатау» күйі мен Утаршинова Жұлдыздың орындауында Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әні тыңдарман қауымға әдемі сый болды.
Абай облыстық Абай атындағы біздің кітапханамыз сирек өлкетану қорындағы Шәкәрімнің көзі тірісінде-ақ сахара ойшылы туралы жазылған 1903 жылғы «Отчёт Семипалатинского Подотдела Императорского Русского Географического Общества за 1903 год» және 1915 жылы Семей қаласында көпес Плещеевтің жекеменшік баспаханасынан 1915 жылы жарық көрген «Сельскохозяйственный обзор Семипалатинской области за 1914 год» басылымдарынан Шәкәрім жайлы сирек деректермен таныстырып, 1978 жылы «Поэты Казахстана» жинағында М.Мағауиннің орыс тіліне аудартып, тұңғыш рет кітап бетіне жариялатқан қажы шығармаларын тыңдарман қауымға ұсындық.