Ата Заң – қазақ мемлекеттілігінің іргетасы: дөңгелек үстел
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, Абай атындағы кітапханада «Ата Заң – қазақ мемлекеттілігінің іргетасы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шара қонақтарын «Ата заң – біздің өміріміздің заңы» тақырыбындағы кітап көрмесі қарсы алды.
Шара барысында Шәкәрім атындағы университеттің оқытушысы, құқықтанушы Ғазизова Назигүл Слямболовна Ата Заңымыздың Мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие құжат екендігін түсіндірді. Ата заңымыздың мәні мен мағынасына тоқталып, қатысушыларды елінің патриоты болуға шақырды.
Alikhan Bokeikhan University философия ғылымдарының кандидаты, профессор Түйебаев Махмұт Мамырбекұлы кіріспеден және 9 бөлімнен тұратын Ата Заңымыздың қағидаларына тұжырым жасап, саяси мәдениет пен қазақстандықтардың құқықтық жауапкершілігі туралы пікірін білдірді. Бүгінгі қоғам мүшелерінің Ата заңымызға үлкен құрметпен қарап, түсінуін сөзіне арқау етті. Ал тарихшы, политолог, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Рахметуллин Аман Қапанұлы Ата Заңымыздың тарихына талдау жасап, Жеті Жарғы заңынан бастап қазақтың дәстүрлі ғұрыптық заңының мәнін түсіндірді. Қазақ мемлекеттілігінің іргетасының қалануы барысындағы реформаларға тоқталды.
Шәкәрім атындағы университеттің құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Әбдікәкімов Мұхтар Тыныштықбекұлы Ата Заңның тармақтарында көрсетілген қағидалар бойынша шетелдік саптаушылардың сараптама-деректеріне сүйене отырып, маңызды ақпараттар берді.
Дөңгелек үстелге қатысқан Alikhan Bokeikhan University пен Шәкәрім атындағы университеттің жас оқытушылары және әскери қызметкерлер мен кітапханашылар мемлекетіміздің негізгі Заңын жастар арасында түсіндіру, Ата Заңымызға деген құрметті арттыруға байланысты маңызды ойларын ортаға салды. Жастардың құқықтық білімін арттырып, азаматтық тәрбие беру үшін құқықтанушы мамандар кітапханамызда алдағы уақытта тағы да бас қосуға шешім қабылдады. Осындай игілікті шараны мереке қарсаңында қаламыздағы 5511 әскери бөлімшесінде ұйымдастыруды жоспарлады.