Қазақ тарихының ақтаңдақ беттері: тарихи дәріс
Абай атындағы кітапханада 11 қазан күні Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама тарихи оқиғасына 300 жыл толуына орай «Қазақ тарихының ақтаңдақ беттері» атты тақырыпта тарихи дәріс ұйымдастырылды.
Шараға Семей медицина университетінің, Ж. Шайжүнісов атындағы электронды колледж студенттері мен №22 орта мектептің оқушылары қатысты.
Шара барысында Alikhan Bokeikhan University-нің т.ғ.к. Мұхаметжанова Раушан Жұртбайқызы халқымыздың басынан кешкен ауыр қасіреті жайында әңгімелеп, 1723-1727 жылдар қазақ халқының жадында қиын кезеңдердің бірі ретінде қалғанын атап өтті. Раушан Жұртбайқызы бұл зобалаң тұста қазақтардың жүз мыңдай қолы шығынға ұшырап, мал-мүлкі талан-таражға түсіп, атажұрт қонысынан ауып, жаппай босқыншылыққа ұшырағаны жайында әңгімеледі. Сөз соңында 1728 жылдың көктемінде жоңғарлармен шайқас қазақтардың үлкен жеңісімен аяқталғанын айтып, жоңғарлармен қарсыласуды ұйымдастыруда Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Бөгенбай, Есет, Малайсары батырларлардың маңызды рөл атқарғанына тоқталды.
Кітапхана қызметкерлері «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына қатысты слайд көрсетілімін дайындап, шараға қатысушыларға арнап викториналық сұрақтар қойды.
Шара барысында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан видео көрсетіліп, «Елім-ай» әні тыңдалды.
Дәріс соңында оқырмандар осы тақырыпқа байланысты ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты.