«Оян, Қазақ!» феномені: онлайн-дәріс
Абай атындағы кітапханада «Алаш» жобасы аясында ZOOM платформасында 2023 жылдың 13 желтоқсанында ҚР Тәуелсіздік күніне орай , PhD ғылым докторы, MNU Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры Алма Сайлауқызы «Оян,қазақ!» феномені тақырыбында онлайн-дәріс өткізді.
Дәріскер Алаш арыстарының қазақ қоғамындағы рөлі туралы айта келе, «Міржақып Дулатұлы жар салған «Оян, қазақ!» ұранын неліктен феноменге теңей аламыз» деген сұрақ айналасында сөз қозғап, Ол «оятуды» ұлтымыз қалай қабылдады? деген сауалға өз зерттеме еңбектері бойынша жауап іздеді. Бұл феноменнің өз елінен бөлек басқа да елдерге тигізген әсері туралы не білеміз? – дей келе, тарихтағы 1868-1889 жж. Саяси әскери реформалар жиынтығы Мейдзи жаңғыру жайында сөз қозғап, Алашшылдардың еңбегін сол реформамен теңестіре отырып, авторлық ой қозғады. А.Сайлауқызы тарихшы ғалым М.Қойгелідінің, Алаштанушы Т.Жұртбайдың, Міржақыптанушы М.Әбсеметтің пікірлерін ортаға салып, түрік профессоры Хуля Қасапоғлы Ченгелдің қазақ, түрік және ұйғыр халықтарындағы «оян» мотивін салыстырып , оның ең алғашқы бастауы Міржақыптан таралатынын көрсетеді деп тұжырым жасады. Сондай-ақ, Міржақыптың саяси көзқарасына өзге ұлт өкілдері қызыға қарап, оның еңбектеріне де етене жақындығын көрсететіндігінің дәлелі ретінде жапон ғалымы Уямо Томохико өз тілінде Міржақыптың саяси көзқарасынан диссертация қорғағандығын жеткізді. Бірнеше ұлт пен ұлыстың рухани кеңістігіне осылайша әсер еткен Алаш азаматы Міржақып Дулатұлының, жалпы Алаштықтардың еңбегін түсіне білу, айшықтау, дамыту қазіргі өскелең ұрпақтың міндеті деген өз ойын ортаға салды.