Мемлекеттілік үшін күрес: Алашорда әскери бөлімдері және ұлттық қорғаныс: онлайн-лекция
2024 жылдың 27 ақпаны күні Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Алаш» жобасы аясында ZOOM платформасында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, алаштанушы ғалым Еркін Ерланұлы Рахметуллин «Мемлекеттілік үшін күрес: Алашорда әскери бөлімдері және ұлттық қорғаныс» тақырыбында онлайн-дәріс өткізді.
Дәрісте Алаш зиялылары ұлттық әскер құрып, қуатты мемлекетке айналу идеясын автономия құрудан бұрын ойластырғандығын, мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны – әскер екендігін баса айтты. Алаш Орда әскерінің құрылуы мен оның қызметі 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтығандығын, Алаш қозғалысының ішіндегі земстволар Алаш орда әскери бөлімдерінің саясатын тілге тиек ете отырып, сол алаш әскери бөлімдерінің қызметіне тоқталды.
Шара барысында слайд-шоу көрсетілімі қасысушылардың назарына ұсынылды. Презентацияда 1916 жылы бекітілген Алаш қаласының картасы, Алашорда бүкілқазақтық Халық кеңесі Ұлттық милиция бөлімінің мөрі, іс–қағаздары және Семей уезінің земский управасының бастығы Ахметжан Қозбағарұлына 30 милиционер алуға қаулы шығарған құжаттары көрсетілді.
Алаш әскерінің ғұмыры ұзақ болмаған себебі оның әскери қабілеті мен қару жарақтың жетіспеушілігі болғандығы туралы ақпарат берді. Семей уезіндегі Алаш Орда әскеріне көмектескен Ақбай Ыбыраев, Қаражан Үкібаев, Медеу Оразбаев сынды меценат байларды атап өтті.
Дәріскер тыңдаушылардың сауалдарына ұтымды жауаптарын беріп, келекшекте шығармашылық байланыста болуға шақырды.