Ел тарихындағы әйелдер бейнесі: кең көлемді кітап көрмесі
Абай атындағы кітапханада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ел тарихындағы әйелдер бейнесі» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесі жасақталды. Көрмеге электротехникалық колледж студенттері, кітапхана пайдаланушылары қатысты.
Кітапхана қызметкері қазақ қоғамындағы әйелдер мәртебесі мен ел анасына айналған Тұмар, Бегім, Бопай, Айғаным, Зере, сондай-ақ Кеңес Одағының батырлары Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Х.Доспанова, қоғам қайраткерлері Н.Құлжанова, Н.Оразбаевалар сынды халық қыздарының елге істеген қызметтері жөнінде ақпарат бере отырып, көрмеден орын алған Р.Бағланованың «Айналайын халқымнан еркелеткен», Н.Асанжанованың «Әмина Өмірзақова», А.Омарова құрастырған «Күләш Байсейтова» , К.Қалиеваның «Бақыттың кілті – әйелде», Л.Хейдің «Өмірің өз қолында» және т.б. еңбектерге шолу жасады.
Аталмыш көрмеге Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылар Т.Әбдірахманова, А.Мұхаметқалиқызының және өнер иелері Б.Төлегенова,Р.Рымбаева, Б.Сағымбаевалардың портреттері қойылды.