Наурыз – бейбітшілік пен көктем мерекесі: ақпараттық сағат
Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамы қарсаңында Абай атындағы кітапхана қызметкерлері №6 гимназияның 5 «А» сынып оқушылары арасында «Наурыз – бейбітшілік пен көктем мерекесі» атты ұлттық ойын сағатын ұйымдастырды.
Мерекелік шара барысында балдырғандар Наурыз мейрамының тарихы, қазақтың ұлттық ойындары, ұлттық киім, ұлттық тағам, жарапазан жайлы ақпараттармен танысып, пікір алмасты.
Қатысушылар назарына «Қош келдің әз Наурыз» атты ұлттық қол өнері бұйымдарымен бірге «Қазақтың ұлттық ойындары», «Жеті қазына», «Наурызнама: аталы ойлар», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қош келдің, Наурыз!» және т.б. кітаптар қойылған экспозициялық көрмеге шолу жасалды.
Оқушылар арнайы дайындалған викториналарға қатысып, ерекше белсенділік танытты. Жұмбақтар шешіп, өлеңдер оқыды. Қыздар ұстазымен бірге «Қамажай» биін бірігіп биледі. Сондай-ақ «Арқан тарту», «Асық ойнау, «Теңге алу» және т.б. қызықты ұлттық ойындарын ойнады. Әсіресе, «Асық ату» ойындарында өздерінің ептілігін мен дәлдігін көрсетті.
Жас оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырған көңілді кеш соңында балаларға тәттілер ұсынылды.