Қазақстандық Кітапханалық Одақ: кезекті көшпелі жұмыс отырысы
Бүгін Түркістан облысында өтіп жатқан, еліміздің әр аумағында орналасқан кітапханалардың басын біріктірген кезекті Қазақстандық Кітапханалық Одақтың көшпелі жұмыс отырысына әріптесіміз, директордың орынбасары Г.М. Аязбаева қатысуда.
Шараны «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің» басқарма басшысы А.Ә.Мырзахмет пен Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Ә.С. Қойлыбаев құттықтау сөзбен бастады.
Қазақстандық Кітапханалық Одақ – 2017 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының бастамасымен кітапханалардың бірлескен қызметтерінің ұйымдастыру, кітапханалардың мәртебесін көтеру, олардың заңды әлеуметтік экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау негізінде кітапханалардың мүмкіндіктерін кеңейту, қазақстан кітапханаларын әлемдік қауымдастыққа біріктіруге жәрдемдесу мақсатында құрылған болатын.
Жұмыс барысында пленарлық отырыста А.Ә.Мырзахмет «Мәдениет, білім және ғылым жүйесі кітапханаларының қорларын жаңарту және толықтыру мәселелері» туралы айтса, А.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Кітапханалық- ақпараттық орталық директоры Г.Ж.Иржанова «Қазақстанда IFLA- ның Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық Конгресін ұйымдастыру және өткізу мәселелері» туралы сөз қозғады.
Сондай – ақ шарада Қазақстандық Кітапханалық Одақтың қызметі бойынша есеп беріліп, қаржылық есебі талқыланып, алқалық басқару органдар құрылымын қайта сайлау және бекіту қарастырылды.
Директорлардың диалог алаңында кітапханалардағы өзекті мәселелер талданып, тәжірибе алмасу бойынша әңгімелер қозғалды.
Анықтамалық – ақпараттық ерекшеліктері, атап айтқанда, кітапханалық Web- RABIS бағдарламаларының мүмкіндіктері талқыланды.