Алаш тағылымы – Тәуелсіздік негізі: кең көлемді кітап көрмесі
10 желтоқсан күні Абай кітапханасы еліміздің Тәуелсіздік күніне орай «Алаш тағылымы: Тәуелсіздік негізі» атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – Тәуелсіз қазақ елінің ең алғашқы егемендікке бағытталған іргетасын қалауға қаны мен жанын қиған ұлт арыстары, қоғам қайраткерлерінің жанқиярлық күресін, тарихи маңызды оқиғаларды жас ұрпақтың жадына жазу, халыққа жеткізу, бай кітап қорымыздағы мол ақпараттармен таныстыру.
Аталмыш шараға Абай облысының шекара қызметінің департаменті өкілдері қатысты. Көрмеде ұлт зиялылары Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековтың түпнұсқа еңбектері қойылып, «Тәуелсіздік толғауы», «Тәуелсіздік шежіресі», «Азаттық аңсағандар», «Алаш туы тігілген өңір», Елдос Токтарбайдың «Жетісудағы алаш мектебі» атты кітаптарымен танысты. Кітапхананың сирек қорынан Алаш қайраткерлерінің басқа да еңбектері қойылды. Қатысушылар кітапханамыздың сирек қорынан орын алған М.Дулатовтың «Кәсіпкерлер Одағының мәдени- ағарту жұмысы», Сенюшкинің аудармасы, Б.Майлинің «Шұғаның белгісі», Х.Жүсіпбековтің «Қарсақбай», Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы», Т.Рысқұловтың «Түркістан- Сібір жолы» сынды басылымдарына ерекше қызығушылық танытты. Мерзімді басылым беттерінде жария көрген ел Тәуелсіздігіне, Алаш тарихына қатысты мол мақалалармен қоса кітапхана тарихы туралы да ақпарат алды.
Шара қонақтары соңынан Шыңғысхан туралы, түркі тарихына қатысты деректердің қандай нұсқалары бар, қалай оқуға болатыны жайлы сауалдарын қойды. Құнды деректер мен мол ақпараттарға қанығып, ризашылықтарын білдіріп, естелік суретке түсті.
«Алаш тағылымы: Тәуелсіздік негізі» атты кең көлемді кітап көрмесі желтоқсан айының 10-12 аралығында оқырмандарға ұсынылады.