«Абай жолы» кітапханасы: кітаптар тұсаукесері
18 желтоқсан күні Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы Абай атындағы музыкалық драма театрында Абай облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген «Абай жолы» кітапханасы жобасының тұсаукесері өтті. «Абай жолы» кітапханасы жобасының тұсаукесері – дәстүр мен жаңашылдықты біріктіретін кітап әлеміндегі жаңа нұсқа.
Тұсаукесер рәсіміне қатысушы қонақтарды жоба аясында жарыққа шыққан кітап авторларының шығармаларынан жасақталған «Абай жолы –жауһар туындылар кітапханасы» тақырыбындағы әдеби экспозиция қарсы алды. Сонымен қатар, кітаптардың виртуалды көрмесі ұсынылды. Биылғы жылы аталған жоба аясында жерлестеріміз Ә.Шәріповтің «Көргенім, көңілге түйгенім», Р.Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романы, Б.Исабаевтың «Ұлылар мекені», Б.Тілегеновтың «Қара жел», А.Еспенбетовтің «Абайды оқы, таңырқан…» және т.б. жалпы саны 20 қаламгердің шығармалары Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан әрқайсысы 500 данамен (барлығы: 10000 дана) жарық көрді.
Әдеби-мәдени шараға Абай облысының әкімі Н.Ұранхаев, кітап авторлары Т.Жанғалиев, Д.Сейсенұлы, Р.Мұқанова, А. Абылқасым, С.Қалиев, Д.Кәпұлы, А.Елгезек, С.Дүйсенғазин сынды қаламгерлер қатысты.
Кітап мерекесіне арналған рухани шарада театр әртістері кітап авторлары мен олардың шығармаларына байланысты әдеби-көркем қойылымдарды сахналады.
Кітаптар топтамасы Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының әртүрлі әдеби жанрды қамтитын түрлі тақырыптарының басын біріктіреді. Кітаптарды оқуға қызығушылық танытқан оқырман қауым алдағы уақытта бұл кітаптарды Абай өңірі кітапханаларының қорынан және цифрлы нұсқасын ҚР ҰЭК қорынан тауып оқи алатын болады.