Кітапхана – қоғам мәдениетінің көрінісі: I аймақтық әдістемелік практикум
24 қазан – Кітапханашылар күніне орай, қазан айының 22- і күні Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Абай атындағы кітапхана, Жарма ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Жарма ауданы әкімдігінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлері Жарма ауданында «Кітапхана – қоғам мәдениетінің көрінісі» тақырыбында I аймақтық әдістемелік практикум ұйымдастырды.
Шара барысында Жарма аудандық кітапханасының директоры Д.Қ.Альчимбаева кітапханаға саяхат жасап, кіріспе сөз сөйлесе, осы ауданның мәдениет үйінің директоры А.Т.Даутов өз мекемесі туралы ақпарат берді. Жан-жақтан келген шара қонақтарын «Өлке танымы – ұрпаққа тағылым» атты кітап көрмесі қарсы алды.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Г.М.Аязбаева «Кітапханалық шаралар бренд ретінде» тақырыбында баяндама жасап, ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету бөлімінің библиографы О.Д.Кайсина «Алаш» электронды кітапханасының іс-шаралар өткізудегі тиімділігі жайында сөз қозғады.
Тарихшы ғалым Мұхамедқазы Мұхамедиұлымен «Жарма өңірінен шыққан Алаш қайраткерлері» тақырыбында кездесу өткізіліп, тың ақпараттар берілді.
Абай кітапханасының қызметкерлері Ж.М.Чушекова, А.Қ.Оспановалар «Қазақстандық ақпараттық веб-ресурстарды кітапхана қызметінде пайдалану», «Әлеуметтік желілердегі кітапхана» тақырыбында баяндамалар жасап, кәсіби маман ретінде пікірлер мен ұсыныстар айтты.
Шара соңында кітапхана саласында тынбай еңбек етіп жүрген кітапханашылар еңбегін бағалау мақсатында Облыс әкімінің марапаты мен Абай кітапханасының алғыс хаттары табысталды.
Рухани байлықты ұрпақтан – ұрпаққа жеткізуші кітапхананың шырақшылары – кітапханашылар күні құтты болсын!