Жұлдызды Жұмекен: әдеби сағат
Абай кітапханасы мамандарының ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында, еліміздің әнұранының авторы, жазушы Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығына арналып, қаламыздағы №18 мектептің 8 сынып оқушыларына әдеби сағат өткізілді.
Ж.Нәжімеденов «Менің Қазақстаным», «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» тағы да басқа танымал шығармалардың авторы. Жазушының біршама шығармалары өзге тілдерге аударылған. Ол Вознесенскийдің, Евтушенконың, Хикметтің тағы да басқа авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Оқушылар назарына ақын өмірбаяны туралы слайд көрсетілімі ұсынылып, қаламгер еңбектерінің қыр-сырына тоқталып, шығармалардағы басты кейіпкерлер бейнесіне шолу жасалды.
Жұмекен Нәжімеденовтің әр жылдарда жарық көрген кітаптарынан «Жұлдызды Жұмекен» тақырыбында кітап көрмесі ұсынылды. Шараға қатысушы оқушылар жазушы жайында өз ойларын ортаға салып, туындылары туралы өз көзқарастарын жеткізді.
Іс-шара соңында оқушылардың алған ақпараттарын жадыда сақтату мақсатында ақын шығармашылығы мен өмірбаяны бойынша викторина ойнатылды. Белсенділік танытқан А. Баширханова, Н. Саниязова, Қ. Шерназдан сынды оқушылар ынталандырылса, Ж. Нәжімеденов туындысын ерекше оқып жеткізе білген Г.Досынхан, Б.Нұрсұлтановтарға кітапхана атынан кітаптар табысталды.