Алаш қаласының тарихы: дәріс
1 ақпан күні Абай кітапханасында «Асық» әдеби-мәдени клубының кезекті кездесу отырысы өтті. Кездесуде Алаштанушы Ақжол Қадылбекұлының «Алаш қаласының тарихы» тақырыбындағы дәрісі тыңдалып, қаламыздың тарихы жайлы, алаш зиялылары жайында да ақпараттар берілді.
Сондай-ақ дәрісте Түйемойнақ қазіргі «Полковник» аралы туралы сөз қозғалып, оның тарихының тереңде екендігі жайында айтылды. «Түйемойнақ» аралы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында да бой көрсетеді. Бұл жерде Алаш зиялылары бас қосып, Алаш идеясы, Алаш қозғалысы тұтанған өлке екендігі, ол жерде алашшылдарды азаптайтын түрме болғандығы туралы тарихи шындықтар айтылды. Шәкерім қажының ұлы Ғафур, алашшыл Мұхмедхан Сейтқұл да осы түрмеде қамалған (Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың әкесі). Азап шеккен. Тобықты руынан шыққан 70 белсендіні, көзі ашық, алашшыл азаматтарды осы жерде ату жазасына кескен, бұйрық орындалған. Абай ұрпақтарын тұздай құрту саясатына Абайдың ұлы Мекайл да ілігіп, осы аралда оқ құшқан. Қасірет пен қайғыға толы мекенге айналып, бұл арал «Азап аралы» деп те аталғандығы жайында ақпараттар берілді.
Міне, бұл дәрісте айтылған тарихи дәлелдердің бір бөлігі ғана. «Асық» әдеби-мәдени клубында әлі де осындай дәрістер өткізіліп тұрмақ…