Мұхтар – қазақ әдебиетінің тарланы: кең көлемді кітап көрмесі
4 ақпан күні Абай кітапханасында «Қазақстан Халық партиясы» Абай облысындағы филиалы, «AMANAT» партиясы және Абай атындағы облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен тарихшы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің туғанына 85 жыл толуына орай «Мұхтар – қазақ әдебиетінің тарланы» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесінің ашылуы болып өтті.
Көрмеге жазушының кітапхананың мерзімді басылымдар қорындағы 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Кешқұрым» атты әңгімесі, 1965-1971 жылдар аралығындағы «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жарияланған «Әдебиетіміздің тарихы жөнінде бірер сөз», 1965 жылы «Екі дүние – екі әдебиет», 1966 жылғы «Еленбей өткен ақын», 1965 жылы Лениншіл жас газетінде жарық көрген «Доспамбет жырау», «Қазтуған жырау», «Тақырып өрісі» мақалалары және «Таңғы шық» жас жазушылар жинағындағы әңгімелерінен бастап, ең алғашқы зерттеу еңбегі «Қобыз сарыны», «Көк мұнар», «Аласапыран», «Сары қазақ», «Шақан Шері», «Шыңғыс хан» романдары, «Бір атаның балалары», «Салах-ад-диннің Үкімі», «Тазының өлімі» әңгімелері мен туындылары қойылды.
Көрменің ашылу салтанатында қаламгердің замандастары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, өнегелі өмірінен естеліктер айтса, «Қазақстан Халық партиясы» Абай облысы филиалының төрағасы А.Егеубаев, ақын, филолог, өлкетанушы Қ.Нұрқасымұлы, «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ «Абай және ұлттық руханият» ҒЗО жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты А.Т.Смағұловалар Мағауиннің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жайында әңгіме өрбітті.