Шын жүректен кітап сыйла: акция
14-ақпан халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл мерекенің басты мақсаты – қарапайым және мейірімге толы барлық адамзатты кітап оқуға шақыру болып табылады. Мерекенің қағидасы бойынша дәл осы күні досыңызға немесе жақын туысыңызға қызығып жүрген оқулығын сыйлай аласыз.
Абай кітапханасының қызметкерлері де осы аталмыш күн аясында Семей қаласындағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі мемлекеттік медициналық-әлеуметтік»ММ – не кітап сыйлады.
Кітап сыйлау барысында кітапхана мамандары бұл мерекенің шығу тарихымен таныстырып, сыйға тартқан кітап мазмұндарына да тоқтала түсті. Шараға қатысушылар мамандарға алғыстарын жеткізіп, кітапхана ісіне сәттілік тіледі.
Айта кетейік бұл мереке кітапсүйер қауым үшін ерекше күн болып саналады. Сол себепті, құрметті оқырман, Сіз де атаулы күн қарсаңында кітапханаға өз қоржыныңыздағы кітапты сыйлай аласыз!