«Өнерім – өмірім»: шығармашылық кездесу кеші
4 сәуір күні Абай кітапханасында әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Тұңғыш Республикалық Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың бірінші бас жүлдегері , Үржар ауданының Құрметті азаматы Бақыт Үдербаеваның 75 жасқа толуына орай «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық кездесу кеші өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылығын насихаттап, оның өмір жолын кейінгі ұрпаққа өнеге ету.
Жиында ҚР Ағарту ісінің үздігі Мұхаметқазы Мұхамедиұлы сөз алып, әншінің өнер жолына қатысты естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының маманы Жасұлан Нұрланұлы сөз сөйлеп, Бақыт Үдербаеваға мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін алғысын жеткізді. Ол басқарма басшысы Самат Төлегенұлының арнайы құттықтау хатын табыстады.
Кеш барысында әсем әндер шырқалып, көрермен қауымға рухани ләззат сыйлады. Белгілі композитор Тұрсынғазы Рахимовтың немересі Досхан Тұрсынғазы әннен шашу шашып, ақсақалдардың батасын алды. Сондай-ақ, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұрат Алин әншінің өмірі мен шығармашылығы жайында әсерлі ойларымен бөлісті. «Парасат» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Гүлдана Ноғайбаева да сахнаға шығып, көрерменге ән тарту етті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы әншіні бейнеқұттықтау арқылы мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, кеш барысында Омаровтар отбасы, дәстүрлі әнші, Тұрсынғазы Рахимовтың шәкірті Данияр Ахмадиев және ҚР «Мәдениет және өнер саласының үздігі», Әміре Қашаубаев атындағы сыйлықтың иегері Айдан Бауыржанұлы өнер көрсетіп, әннен шашу шашты. Тағылымы мол кешке өнер саласының майталмандары мен зиялы қауым өкілдері, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училище мен Семей көлік колледжінің студенттері қатысты. Шараға келуші қонақтар әншінің өмірінен сыр шертетін «Бақытын өнерден тапқан Бақыт» атты кең көлемді кітап көрмесін тамашалады.
Кеш соңында Бақыт Үдербаева келген қонақтарға алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді. Абай кітапханасының директоры Мерей Қарт мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін арнады.
Шара барысында Бақыт Үдербаеваның өнер жолындағы елеулі еңбегі мен өмір белестері жайлы тың деректер айтылып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады. Бұл кеш – өнерсүйер қауым үшін рухани азық, сондай-ақ қазақ музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға деген шынайы құрметтің көрінісі болды. Бұл кездесу кеші әншінің 75 жас мерейтойының алғашқы тойлануы десек болады. Әншінің өзінің айтуы бойынша, 75 жастық тойлану күзге қарай басталмақ.