Кітап және рухани өмір: мерекелік шара
16 сәуір күні Абай кітапханасында «Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында «Кітап және рухани өмір» атты мерекелік іс-шара салтанатты түрде өтті. Іс-шараның мақсаты – кітап оқуды насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу, студенттердің кітапқа деген қызығушылығын арттырып, өскелең ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту. Шараның шымылдығын Абай кітапханасының директоры Мерей Мейіртайұлы ашып, жиналған қауымды «Ұлттық кітап күні» мерекесімен құттықтады. Тағылымды шара барысында зиялы қауым өкілдері Еспембетов Арап Сләмұлы, Игенбаева Татьяна Жакенқызы, Қадыр Досымжанов, М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі, Мұқтарбек Қарпықұлы сөз алып, осындай айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталып өтті.
Шарада Семей қалалық мәдениет Сарайының әншілері Мұңлық Сарбасова мен Баян Ибраева және Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің студенті Төрежан Қазбеков әннен шашу шашса, сондай-ақ, «Қарақат» мектеп-студиясының бүлдіршіндері «Қамажай» биін көпшілікке тарту етті.
Аталмыш шараға зиялы қауым өкілдерімен бірге Семей медицина колледжі, Шәкәрім Жоғары колледжі, Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің студенттері қатысты.
«Адамзаттың Абайы», «Ерлік елге мұра – ұрпаққа ұран», «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» көрмелеріне шолу жасалып, жиынға келген қонақтарға таныстырылды. Сондай-ақ, кітапсүйер қауым үшін «Атамұра» баспасы ұсынған кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бүгіннен басталған мерекелік шара әлі де жалғасын таппақ.