«Жарма өңірінің ақын-жазушылары»: кітап таныстырылымы
17 сәуір күні Абай кітапханасында «Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында өлкетану бағытына негізделген Жарма ауданының Құрметті азаматы, зерттеуші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз, белгілі баспагер Мұрат Тлегенұлы Иманжапардың «Жарма өңірінің ақын-жазушылары» атты үш томдық еңбегінің таныстырылымы өткізілді. Шараның мақсаты – өз өңірімізден шыққан қаламгерлеріміздің бай мұрасымен өскелең ұрпақты таныстыру. Рухани қазынаны дәріптеу арқылы әдебиетіміздің алтын арқауын жалғау, ұлттық құндылықтарымызбен сусындатып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру.
Шараға зиялы қауым өкілдері мен қаламыздағы М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері қатысты. Кітап таныстырылымында танымал тарихшы, этнограф, ұлағатты ұстаз Мұхаметқазы Мұхамадиұлы өзінің ізгі тілегі мен Мұрат Тілегенұлының еңбегі туралы айтып, Қалихан Алтынбаевтың өлең жолдарын оқыды. Сонымен қатар, Республикалық «Абай Құнанбаев» қоғамдық қорының Президенті Отантай Кәрібажанов пен әдебиеттанушы, ғалым Тұрдықұл Шаңбай үш томдық еңбектің авторының әдебиеттануға қосқан үлесі туралы айтты. Аталмыш шара Әміре Қашаубаев атындағы филормония әншісі Бақытжан Түктібаевтың орындауындағы әнмен жалғасып, қатысушылардын көңіл күйін көтеріп, кездесуді жандандыра түсті. Шара барысында студенттер кітап авторына өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қызықты әңгіме өрбітті.
Таныстырылым соңында Мұрат Тілегенұлы қонақтарға шексіз алғысын айтып, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне сиясы кеппеген кітаптарын тарту етті.