Қ.Жұмаділов «Тағдыр» романы»: оқырмандар конференциясы
19 сәуір күні Абай кітапханасында «Ұлттық кітап күні» мерекесі «Weekend. Book. Vibes» аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, тарихшы Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларын оқырмандарға дәріптеу мақсатында «Тағдыр» романы бойынша оқырмандар конференциясы өткізілді.
Аталмыш іс-шараға қаламыздағы М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің ҚТ 24-09, БББ 24-09-01, БББ 24-09-02 топтарының студенттері қатысты.
Шара барысында кітапхана қызметкері Қабдеш Жұмаділовтің өмірбаяны, шығармашылығымен сүбелі еңбектерінен жасақталған кітап көрмесімен таныстырып слайд көрсетілді.
Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы – тарихи туынды, қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы тағдырлы кезеңдерін бейнелейтін шығарма.
Конференция барысында шығарманың идеясы, композициялық құрылысы, шығарманың бастауы, дамуы, байланысы, басты кейіпкер Демежанның бейнесі сөз етіліп, қытай жеріндегі қазақ азаматтарының өмірі мен тұрмысы жайында әңгіме қозғалып, шарықтау шегі – шығарманың шиеленісі жан-жақты талқыланды.
Студенттер шығарманы талдай отырып, қазақ халқының тарихындағы қиын кезеңдерді, ұлт болашағы үшін күрескен тұлғалардың образын саралап, өз ойларын ортаға сала отырып, жазушы мен кейіпкер арасындағы үндестікті аша түсті.
Оқырман жүрегіне жол тапқан үздік туындыны, арадан қаншама жылдар өтсе де, жас оқырмандар қауымы жалықпастан, әлі де оқуда.