Ғажайып кітаптар әлемі : қызықты кітаптарға шолу
21 сәуір күні «Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында Абай кітапханасында «Ғажайып кітаптар әлемі» тақырыбында қызықты кітаптарға шолу ұйымдастырылды. Бұл кітаптар санатына кітапханадағы «Ең үлкен», «Ең кішкентай», «Ең ауыр», «Ең жеңіл» ерекше кітаптар жатады. Қызықты кітаптарды тамашалауға қаламыздағы «№ 17 ЖОББМ» КММ мектебінің 10 «Ә» сынып оқушылары мен ұстаздары Жанат Бекайдарқызы қатысты.
Шараның мақсаты оқырмандардың әдеби кітапқа құштарлығын арттыру, кітапханаға оқырмандар тарту, ой-өрісін дамыту, ерекше кітаптарды насихаттау.
Кітапхананың алтын қорында 18-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында жарияланған, бүгінгі күні антиквариатқа айналып отырған ерекше кітаптар оқырмандар назарына ұсынылды. Онда: 30 бөлек түптелген құран сүрелерінен тұратын «Құран» кітап, Шейх Насируддин Бинай парсы және арап тіліндегі «Фатуа» (Нулкишвар), «Живописная Россия», Н.Гнедичтың аударған Гомердің «Илиадасы» (бірінші бөлімі), М.В. Полліон «Объ архитектуръ» (1, 2 кітабы), Ф.Ф.Пуцыкович «Из народоведения» этнографиялық кітапшалар топтамасы, Э. Ухтомский «Путешествие на Восток Его Императорского Высочества Государя Наследника Цесаревича» (Т.1.), М. Херасков 2 томдық эпикалық поэмалар жинағы, «Слово о Полку Игореве», әйгілі өнер адамдарының – «Альбом автографов», Дж. Мильтонның «Потерянный и возвращенный рай» поэмасы т.б. ерекше сипаттағы басылымдар көрмеден орын алды.
Оқырмандар шолу жасалған ғажайып кітаптар әлеміндегі ең үлкен, ең кішкентай, ең ауыр, ең жеңіл, ең арзан, ең қымбат, ең қызықты, ең тартымды, ең ерекше кітаптардың ерекшеліктері мен мазмұнына, сапасы мен көлеміне өздерінің қызығушылықтары мен таңғалыстарын жасыра алмады. Ерекше кітаптарға тәнті болған оқырмандар тамаша көңілмен тарқасты.