Үздік оқырман – 2025: марапаттау рәсімі
23 сәуір күні Абай кітапханасында «Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында, «Үздік оқырман – 2025» марапаттау рәсімі өткізілді.
Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары арнайы шақырылып, Семей медицина университетінің студенттері қатысты. Марапаттау рәсімі құттықтау сөздермен басталып, «Атақты тұлғаларды табу» интеллектуалды ойынымен жалғасын тапты.
Шара барысында Ә. Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі Б. Түктібаев «Ахау арман» әнін орындаса, Ұлан Нұрболұлы арнау өлеңін жолдап, оқырмандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Үйсімбаева Жанна Қуатқызы, «MIRAS» Кеңесінің және Әйелдер қанатының мүшесі Эльмира Жүрсінбекқызы барша қауымды «Ұлттық кітап күні» мерекесімен құттықтап, кітапхананың биылғы жылғы үздік оқырмандарына табиғи таза өнімдерден жасалған отандық «Адал-Ас» компаниясының атынан сыйлықтар табыстады. Шара соңында кітапхананың көп жылдардан бергі оқырмандары Ғ. Демесінов пен Г. Голенцеваға сөз берілді.
Абай атындағы кітапхана ұжымының атынан директордың орынбасары Гүлмира Мұратқызы Аязбаева үздік оқырмандарға алғыс хат табыстап, кітаптарды сыйға тартты.