«Абай жолы» кітапханасы – жауһар туындылар: әдеби экспозиция
Бүгін Астана қаласында «EurasianBookFair – 2025» VIII – Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Сәуір айының 23-27 күндері арасында өтетін Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «Абай жолы» кітапханасы әдеби экспозициясымен қатысуда.
Шараның мақсаты тарихи кітапхана қорындағы көне жәдігер – кітап ескерткіштерімен және «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген жаухар туындылармен көпшілік қауымды кеңінен таныстыруға бағытталды.
Салтанатты шара қонақтарына кітапханамыздың сирек қорындағы басылымдардан ұсынылған «Сирек басылымдардағы Абай» ретро көрмесі тосын сый болды. Аталған бөлімнен кемеңгер ақынның қайраткерлік тұлғасын көрсететін басылымдар көрініс тапты.
Әдеби экспозицияның екінші бөлімінде облыс әкімінің қолдауымен 2024 жылы жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген өңір авторларының шығармалары қонақтардың назарына ұсынылды. Бұл бөлімнен Семей өңірінен шыққан айтулы қаламгерлер Р.Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», Қ.Жұмәділовтің «Тағдыр», Б.Исабаевтың «Ұлылар мекені», Б.Тілегеновтің «Қара жел», Ә.Шәріповтің «Көргенім, көңілге түйгенім», Е.Сыдықовтың «Шәкәрім» шығармалары мен белгілі ақындар Д.Кәпұлының «Арқаржусан», Ә.Қайранның «Байтақ», Қ. Сариннің «Жарығы сөнбес жалғыз жол», С.Қалиевтің «Асу». А. Елгезектің «Айнадағы бейтаныс», С. Дүйсенғазының «Қоңыр – өмір» атты жыр жинақтары және т.б. өңір авторларының кітаптары орын алды.
Абай кітапханасының сирек қорында сақталған өлкетанушылардың мақалалар жинағынан құрастырылған «Тарих қойнауынан» атты жинақ оқырмандардың қызығушылығын тудырды.
Шара қонақтарына 140 жылдан артық тарихы бар көне кітапхананың сирек басылымдар қорынан және «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген басылымдардан мағлұмат беретін, QR-кодталған шығармаларды мобильді қосымшаға жүктеу мүмкіндігі бар үлестірме материалдар таратылды.
Рухани шара 27 сәуірге дейін жалғасын таппақ. Әріптестерімізге сәттілік тілейміз!