Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат : экспозициялық кітап көрмесі
Биыл Жеңістің 80 жылдығы. Осы бір атаулы мереке аясында кітапханада жыл басынан әртүрлі шаралар өткізілуде. Соның бірі «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты экспозициялық кітап көрмесі.
5 мамыр күні қаламыздағы №1 Чернышевский атындағы мектептің 8 сынып оқушылары, Ә.Бөкейхан университеті студенттері және Семей орыс әлеуметтік-мәдени орталығының қызметкерлері аталмыш көрмені тамашалап, Жеңістің 80 жылдығына арнап кітапханамен бірлескен түрде
«Жеңіс: біл, есте сақта, мақтан!» тақырыбында интеллектуалды ойын ұйымдастырды. Шараға қатысушылар кітапханамыздың сирек қорында мұқият сақталған соғыс жылдарындағы тарихи шежірелер, көркем шығармалар – соғыс жылдарының прозасы мен поэзиясы, соғыс жылдарындағы әндер, қаһарлы жылдардағы баспасөз беттеріндегі, яғни газет-журналдардан тұратын сегіз бөлімнен жасақталған кітап көрмесімен танысты. Көрмені тамашалаушылар «Қаһарлы жылдар баспасөз беттерінде», «Соғыс жылдарындағы кітапхана» бөлімдеріндегі сол алпауыт жылдарда кітапханашылық қызметте болған кітапханашының ерен еңбегіне ерекше ықылас танытты. Сондай-ақ кітапханада өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы газет-журналдардың, жергілікті, республикалық және бүкілодақтық басылымдардың сақталғанына үлкен таңданыс білдірді.