«Арғы атам ер түрік…»: танымдық сағат
15 мамыр күні Абай кітапханасында қазақ халқының біртуар перзенті, ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, ағартушы, ақын әрі публицист Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл және 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Арғы атам ер түрік…» атты танымдық сағат өткізілді. Шараға Семей медицина университетінің студенттері қатысты.
Шараның мақсаты – жастарға Міржақып Дулатұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін, шығармашылық мұрасын таныстыру, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін жылдарындағы әділетсіздіктер мен тарихи шындықты ұғындыру.
Танымдық сағат барысында ақынның өмір жолы, ұлт мүддесі жолындағы күресі, ағартушылық қызметі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылып, «Оян, қазақ!» өлеңі оқылды. Оның ел санасын оятуға бағытталған өткір сөздері жастарға терең ой салды. Сонымен қатар, қатысушылар жазықсыз жапа шеккен тұлғаның қызы Гүлнар Міржақыпқызының естеліктерімен танысып, деректі материалдар негізінде дайындалған үзінділерді тамашалады.
Шара аясында студенттерге арналған Алаш зиялылары туралы викториналық ойын ұйымдастырылды. Белсенді студенттер өз ойларымен, алған әсерлерімен бөлісіп, тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы тереңірек мағлұмат алғандарын жеткізді.
Аталмыш шара студенттерге ұлт тағдыры мен өткен ғасырдың қилы кезеңдерін зерделеуге, тарихи тұлғаларға құрметпен қарауға жол ашты. Танымдық сағат рухани тәрбие мен тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.