Өлкетану клубы
17 мамыр күні Ш. Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мектеп-лицейінің, №6, 50 және 9 орта мектептерінің оқушыларынан құралған қаланың өлкетанушылары Л.С. Бароховская мен Н.А. Мовчан бастаған өлкетану балалар үйірмесі «Святой ключ» киелі орынына экскурсияға барды. Жолда өлкетанушы Любовь Самойловна балаларды Абай көшесінің бойындағы тарихи ғимараттармен таныстырып, кітапхана маманы Старосемипалатинск бекінісін және қала тұрғындары үшін киелі жер «Святой ключтің» пайда болу тарихы туралы айтып берді. Қасиетті бұлақты әр түрлі ұлт пен дін өкілдері зиярат етеді. Оқушылар бұл жермен байланысты көптеген халықаралық аңыздарды тыңдап, мағлұмат алды.
Саяхат барысында балалардың алдында сол жердің ескі фотосуреттерін пайдаланып бағдарлау және Ертіс жағасына жақын орналасқан көне ғимараттардың орнын анықтау міндеті тұрды. Сондай-ақ, балалар реликтті қарағайлы орманының шығу тарихы жайлы, қарағайдың адамдар үшін медицина мен құрылыстағы маңызы туралы білді.
«Жас Ұлан» мектеп-лицейінің басшылығына көлікпен қамтамасыз еткені үшін алғыс білдіреміз. Сапар кітапхана мен мектеп-лицей арасында жасалған меморандум аясында өтті.