Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы: тарихи дәріс
21 мамыр күні Абай кітапханасында Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл толуына орай «Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы» атты тақырыпта тарихи дәріс өткізілді. Шараның мақсаты – Қазақ хандығының құрылуы, оның нығаюы, сондай-ақ қазақ тарихындағы хандар туралы тарихи деректер мен құнды мәліметтерді таныстыру, тарихқа деген қызығушылықты арттыру. Дәріске Семей медицина университетінің студенттері қатысты.
Шара барысында Alikhan Bokeikhan University-нің Тарих және география кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Мұхаметжанова Раушан Жұртбайқызы Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы, оны нығайтудағы қазақ хандарының рөлі жайында кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар, Раушан Жұртбайқызы Қазақ хандығының төрт ғасырлық шежіресінің елеулі кезеңдерінен сыр шерткен танымдық дәрісте 1465 жылы тұңғыш рет Қазақ хандығы атты тәуелсіз мемлекет дүниеге келіп, бүгінгі біртұтас қазақ халқының негізі қаланғаны, Қасым хан тұсындағы қазақ хандығының гүлденуі, ең ұзақ хандық билікте болған Хақназар хан саясаты, Тәуке ханның билігі, қазақ тарихындағы ең соңғы хан Кенесары ханның хандық билікті қалпына келтірудегі рөлі жайында сөз қозғады.
Дәріс соңында студенттерге арнайы викториналық сұрақтар қойылды. Кітапхана қызметкерлері Alikhan Bokeikhan University-нің тарих және география кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Раушан Жұртбайқызына алғыс айта отырып, ары қарай да серіктестік байланысты жалғастыра беруге мүдделі екендіктерін жеткізді.