Көңілді кітаптар әлемі: кең көлемді кітап көрмесі
22 мамыр күні Абай кітапханасында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында балалар әдебиеті бөлімі қызметкерлері кітапхананың жас оқырмандары және ата-аналарымен жылы жүздесіп, әр кітаптың мәні мен маңызы жайлы түсіндіріп, «Көңілді кітаптар әлемі» атты кең көлемді кітап көрмесіне шолу жасады. Аталмыш көрме «Қиял мен арманға жетелейтін ертегілер», «Балаларға арналған поэзия», «Арманың мен таңдауың кітапта» атты бөлімдерден жасақталды.
«Қиял мен арманға жетелейтін ертегілер» бөлімі ең кішкентай оқырмандарға арналған, жарқын және түрлі-түсті кітаптардан құралған. Мұнда қазақ халық ертегілері, орыс және шетел авторларының ертегілері бар. Олардың ішінде: «Батырлар ертегілері», «Алдар Көсе», П. Ершовтың «Конек-Горбунок» ертегісі, Г.Х. Андерсеннің ертегілері және тағы басқа кітаптары бар.
«Балаларға арналған поэзия» – бөлімі атауы өздігінен түсінікті. Мұнда Қадыр Мырзалиев, Қастек Баянбаев, Мұзафар Әлімбаев және басқа да ақындардың өлеңдері, сондай-ақ Корней Чуковский мен Агния Барто секілді танымал ақындардың шығармалары ұсынылған. Бұл өлеңдер балаларды өлең әлеміне саяхатқа жетелейді.
«Арманың мен таңдауың кітапта» бөлімі әртүрлі жанрдағы кітаптардан тұрады: шытырман оқиғалар, фантастикалық ертегілер, ертегі повестері. Мысалы, Зира Наурзбаеваның «Алтын тостағанды іздеуінднгі Бату мен достарының бастан кешкендері», Зауре Төреханованың «Айша и невидимые соседи», Джулия Ноубелдің «Загадка старинных медальонов» және тағы басқа кітаптар бар.
Кітап көрмесі 22 мамырдан 1 маусымға дейін жас оқырмандарға жұмыс жасайды.