«Ата заң – Тәуелсіздігіміздің айғағы»: эссе байқауы
21 мамыр күні Абай кітапханасында ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата заң – Тәуелсіздігіміздің айғағы» атты облыстық эссе байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың Ата заңға деген құрметін қалыптастыру және патриоттық сезімін ояту. Сайысқа Абай облысынан қала және аудан оқушылары қатысты.
Әділқазылар құрамында филология ғылымдарының докторы, профессор Сейітова Шынар Ботайқызы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақманова Ғалия Рахметоллаевна және педагогика ғылымдарының кандидаты Тлебалдина Нұргул Қазанбаевна болды.
Байқау қорытындысы бойынша Аягөз ауданы «№1 Ақшәулі жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-ның 9-сынып оқушысы Қабдолла Ерсайын I орынды қанжығасына байлады. Мақаншы ауданы «А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп» КММ-ның 10-сынып оқушысы Жакупова Дания II орынды иеленсе, Үржар ауданы «Қ.Игенбайұлы атындағы мектеп-бақшасы» КММ-ның 10-сынып оқушысы Есболқызы Таңнұр III орынға жайғасты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, сайысқа қатысушы барлық оқушыларға қатысқаны үшін сертификаттар мен кітап сыйға тартылды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!