«Биахмет Сәрсенұлының қоғамдық-саяси қызметі һәм тұлғалық бейнесі»: өлкетану оқулары
23 мамыр күні Абай кітапханасында Алаш қайраткері Биахмет Сәрсеновтың 140 жылдық мерейтойына арналған «Биахмет Сәрсенұлының қоғамдық-саяси қызметі һәм тұлғалық бейнесі» тақырыбында өлкетану оқулары өтті.
Шараның шымылдығы Қалалық мәдениет сарайының әншілері Динара Кабышева мен Асия Нұғманованың орындауындағы «Қазағым» әнімен ашылды. Өлкетану оқулары барысында Алаш қозғалысы тарихында Әлихан Бөкейханның басшылығымен ұлт мүддесі жолында қалтқысыз қызмет еткен қазақ зиялыларының бірі, жерлесіміз – Биахмет Сәрсеновтың өмірі, қоғамдық-саяси қызметі, отбасы жайында сөз қозғалды. Жиынға ақын, әнші, өнертанушы, мәдениеттанушы Нұрқасымов Құсмілия Жырғалыұлы қонақ болып келіп, студент жастармен «Алаш» партиясы, Алаш қайраткерлері жайында құнды да қызықты ақпаратпен бөлісті.
Сондай-ақ, Биахмет Сәрсеновтың туған жері мен қызметіне видеошолу жасалды. Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің 2 курс студенттері Қабимоллаева Тоғжан мен Қажыкенова Дильназ «Ел тарихында елеулі із қалдырған – Биахмет Сәрсенов» атты баяндамаларын оқып, қатысушылар назарына слайд шоу ұсынды.
Сонымен қатар, шара аясында «Алаштың ардақты ұлы – Биахмет Сәрсенов» атты кітап көрмесі жасақталды. Мазмұнды кешті Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі Бақытжан Түктібаев Сәкен Сейфулиннің «Тау ішінде» әнімен аяқтады.
Қазақ балаларына білім шуағын таратқан Алаштың сөнбес жұлдызы Биахмет Сәрсенов ел есінен мәңгілікке өшпек емес!