М. Ғабдуллин «Сұрапыл жылдар»: оқырмандар конференциясы
28 мамыр күні Абай кітапханасында Кеңес Одағының Батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің «Сұрапыл жылдар» атты кітабы бойынша оқырмандар конференциясы өтті. Шараның мақсаты – Жеңістің 80 жылдығы мен Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына орай соғыс жылдарындағы батырларымыздың жанкешті ерліктерін баяндап, жауынгер жазушының шығармашылығын насихаттау.
Конференцияға Шәкәрім университетінің қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры Айман Тоқсамбаева мен университет студенттері қатысты. Шара барысында Аяжан Оңалған мен Айдана Саймұха кітап жайында баяндама жасап, оқырмандарды кітаптың мазмұнымен таныстырды.
Жиында «Сұрапыл жылдар» естелік кітабы талданып, студенттер кітап кейіпкерлерінің бейнесін ашып көрсетті. Конференция барысында жауынгер жазушының шығармашылық жолы мен кітап мазмұны, көркемдік ерекшеліктері талқыланды. Қатысушылар «Сұрапыл жылдар» кітабындағы негізгі тақырыптар мен кейіпкерлерге қатысты өз ойларын ортаға салып, шығарманың қоғамға берер маңызы жайында пікір алмасты. Сондай-ақ, шара аясында кітаптан үзінділер оқылды.
Осы сынды әдеби кездесулер жас буынның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиет пен тарихымызды танып білуге себеп болары анық.