М. А. Шолоховтың шығармаларындағы Ұлы Отан соғысы: оқырмандар конференциясы
28 мамыр күні Абай кітапханасында көрнекті орыс жазушысы, журналист, Нобель сыйлығының лауреаты М.А. Шолоховтың туғанына 120 жыл толуына және Жеңістің 80 жылдығына орай «М. А. Шолоховтың шығармаларындағы Ұлы Отан соғысы» атты оқырмандар конференциясы өтті. Іс-шараға М. О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің МНО 23-09 тобының студенттері қатысты.
Оқырмандар конференциясы үш бөлімді қамтып, бірінші бөлімде қатысушылар «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа мұра» атты кітап көрмесімен танысты. Көрме бөлімдеріне соғыс жылдарындағы тарихи шежірелер, көркем шығармалар – әскери проза мен поэзия, ЖЗЛ сериясы және соғыс жылдарындағы әндер енген. Сондай-ақ, қатысушылар соғыс жылдарындағы газеттер мен журналдар және «М. Шолохов: өмірі мен шығармашылығы» атты кітап көрмесін де тамашалады. Жазушыға арналған көрмеде оның өмірі мен шығармашылығы туралы шығармалар, материалдар, фотоальбомдар ұсынылды. Көрмедегі «Правда» газеті қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Газет беттерінде М. Шолоховтың «Они сражались за Родину» (мамыр, 1943) және «Судьба человека» (қаңтар, 1957) шығармаларының алғашқы тараулары, сондай-ақ оның «О маленьком мальчике Гарри и большом мистере Солсбери» (наурыз, 1960) мақалалары басылған болатын.
Іс-шараның екінші бөлімінде студенттер С. Дерепаско, Р. Тургамбаева, А. Глинская жазушының өмірі, оның шығармашылығы және «Судьба человека» әңгімесінінң жазылу тарихы туралы баяндамалар жасады. Қатысушылар шығарманың қысқа көлеміне қарамастан, оларға ерекше әсер бергенін айтып, кейбірі тіпті көздеріне жас алып, шығарма туралы өз әсерлерімен бөлісті. Студенттерді басты кейіпкердің қайсарлығы, өмір үшін күресі, қиын тағдырға қарамастан кішкентай жетім баладан жұбаныш тауып, өмірдің мәнін қайта сезінуі таң қалдырды.
Іс-шара «Алғырлар мен білгіштер» интеллектуалды ойынымен аяқталды. Қатысушылар төрт командаға бөлініп, М. Шолоховтың өмірбаяны мен шығармашылығы бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал студент А. Романченко «Судьба человека» әңгімесі бойынша сұрақтар дайындады.
Іс-шара қорытындысы бойынша конференцияның белсенді қатысушылары мен жеңімпаз командалар грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.