Рәміздер – біздің рухымыз, біздің бастауымыз: кітап көрмесі
3 маусым күні Абай кітапханасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Рәміздер – біздің рухымыз, біздің бастауымыз» атты үш тілде кітап көрмесі өткізілді. Отанды, елді, жерді сүюге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге, олардың мағынасы мен шығу тарихын дұрыс түсінуге бағытталған шараға қаламыздағы «Sapsan» білім беру орталығының оқушылары қатысты.
Кітап көрмесінің шымылдығы Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Кітапханашылар тәуелсіз елдің ұлттық нышандары – мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызы жайлы мағлұмат беріп, ұсынылған әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға шолу жасады.
Шара барысында қатысушыларға ҚР мемлекеттік рәміздері туралы ақпарат қамтылған шаңырақ түріндегі «Менің Отаным Қазақстан» атты бірегей түрлі-түсті кітап таныстырылды. Кітапта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, елтаңбасы мен әнұранының қазақ тіліндегі толық сипаттамасы ұсынылған.
Көрме барысында қатысушылар назарына Е. Шаймерденовтің «Қазақ елінің рәміздері», ағылшын тіліндегі «Symbols of independence of Kazakhstan», «Stories about Kazakhstan. A culture reader», «History of Kazakhstan» атты кітаптары мен мерзімді басылымдар беттерінен тың материалдар ұсынылды. Сондай-ақ. И.В. Ерофееваның Хан және Сұлтан мөрлерінің шығу тегіне және мемлекеттік рәміздердің қалыптасу тарихына арналған «Қазақ мемлекеттілігінің рәміздері» атты басылым көрмеден орын алды.
Іс-шара аясында оқушылар Ту мен Елтаңба сөзінің шығу тегін және мемлекеттік рәміздердегі элементтердің мағынасын анықтап, олардың мәртебесі туралы ақпарат алды.