«ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталы: тұсаукесер
1 тамыз күні ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында «ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталының тұсаукесері өткізілді.
«ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталы – Хакім абайдың шығармашылығы мен өмір жолына арналған алғашқы энциклопедиялық платформа. Порталдың басты мақсаты – Абай шығармаларын заманауи форматта ұсыну, ұлы тұлғаның мұрасын кең аудиторияға қолжетімді ету және абайтану ғылымын жаңа деңгейге көтеру.
Аталмыш шарада облыс әкімі Б.Уәли сөз алып, ақын даналығы мен даралығына бойлап, шараның маңыздылығына тоқталса, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.С.Еспембетов, «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» РМҚК директоры Ұ.Сағадиев, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының PhD докторы Қ.Әубәкірлер Абай ілімінің тереңдігі жайында айтып, осы ілімнің қазірде осы портал арқылы қолжетімділігі көңіл қуантарлық жұмыс екендігін жеткізді.
Ұлы ақынның сөзі – мәңгі, ілімі – терең, мұрасы – ұрпаққа өнеге. Осы портал арқылы Абай әлемі жаңа буынға бұрынғыдан да жақын боларына сенім мол. Бүгінгі тұсаукесер – ұлт руханиятына қосылған тағы бір зор үлестің дәлелі.





