Сырларға толы сезімім: кітап таныстырылымы
27 тамыз күні Абай кітапханасында ақын Айбарша Байдаированың «Сырларға толы сезімім» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті. Шараға кітапхана қызметкерлері қатысты. Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар ақынмен ашық сұхбат құрып, шығармашылық жолы мен шабыт көзі жайында сыр шертті.
Айбарша Байдаирова – өмірдің түрлі белестерінен өтіп, тағдыр сынағына мойымай, жүректен шыққан шынайы жырларымен оқырманын баураған қаламгер. Оның жыр жинағында жан дүниесінің тереңінен тамыр тартқан лирикалық туындылар топтастырылған. Өлеңдерінен үміт пен махаббат, өмірге деген құштарлық, нәзік сезім мен рухани күрестің үнін аңғаруға болады.
Ақын поэзиясындағы сыршылдық пен шынайылық, көркем тілмен астасқан сезім толқындары әр оқырманның жүрегіне жол табары анық. «Сырларға толы сезімім» жинағы – тек поэзия сүйер қауым үшін ғана емес, әсіресе жастарға үлкен рухани азық, жүрекке медеу болар туынды. Жинақ адамның ішкі жан дүниесін байытып, өмірге деген көзқарасын өзгертетін күшке ие.
Шара соңында қатысушылар ақынға алғыстарын білдіріп, жаңа шығармашылық табыстар тіледі.






