Абай мұрасы – мәңгілік қазына: әдеби сағат
10 қыркүйек күні «100 рухани мұра» жобасы аясында Абай кітапханасының қызметкерлері SEMEY NEW SCHOOL мектебінің оқушылары үшін «Абай мұрасы – мәңгілік қазына» атты әдеби сағат ұйымдастырды.
Іс-шара барысында қатысушыларға Абай Құнанбайұлының өмір жолы мен шығармашылық кезеңдері жан-жақты таныстырылып, оның ұлттық әдебиет пен рухани мәдениетті дамытуға қосқан баға жетпес үлесі ерекше атап өтілді. Әдеби сағатта ақынның терең мағыналы поэзиясы ғана емес, сонымен қатар А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И. Крылов сынды орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударудағы еңбегі, сондай-ақ қара сөздеріндегі философиялық ой-толғамдары кеңінен қамтылды.
Оқушылар кітапхананың сирек қорынан ұсынылған бірегей басылымдармен танысып, Абайдың қоғамдық қызметіне қатысты тың мәліметтер алды. Сонымен қатар, 7 «ә» сынып оқушысы Еркеназ Еркінқажы ұлы ақынның терең мағыналы өлеңін мәнерлеп оқып, қатысушыларға рухани әсер сыйлады.
Бұл әдеби сағат ұлы ақынды еске алумен қатар, оның шығармашылығының бүгінгі жас ұрпақ үшін маңызын терең сезіндіретін тағылымды кездесу болды. Кітапхана қызметкерлері Абайдың ұлттық мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, жастарды оның мол мұрасын терең зерттеуге шақырды.





