Отбасы – менің өмірім: танымдық ойын-бағдарлама
12 қыркүйек күні Абай кітапханасында Отбасы күніне орай «Отбасы – менің өмірім» атты танымдық ойын-бағдарлама өтті. Қазақстанда бұл мереке жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде дәстүрлі түрде атап өтіледі.
Іс-шараға Төлеубай Аманов атындағы №16 мектептің 6 «Ә» сынып оқушылары қатысып, 2013 жылдан бері тойланып келе жатқан мерекенің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, рухани мұраны сақтау және жас ұрпақты отбасылық тәрбие негізінде тәрбиелеу екені атап өтілді.
Бағдарлама барысында балалар заманауи ойындар ойнап, түрлі жағдаяттарды шешіп, отбасы тақырыбында шағын әңгімелерді талқылады. Қадыр Сұлтан, Нұрболатов Елжан, Қабдолла Нұрислам және Қайырболұлы Әлижан ерекше белсенділік танытты.
Шара барысында отбасы құндылықтарына арналған бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ, «Жұмбақ», «Жағдаят» сияқты тапсырмалар мен Wordwall платформасындағы интерактивті ойындар арқылы оқушылар отбасылық тәрбие, салт-дәстүр, сыйластық туралы сұрақтарға жауап берді.
Кеш соңында балалар әдебиетіне арналған кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
Оқушылар өз отбасы туралы жүрекжарды ойларын қағаз бетіне түсіріп, арнайы дайындалған «Отбасы ағашына» ілді. Бұл олардың отбасына деген сүйіспеншілігін білдіріп қана қоймай, әр үйдің тірегі – бірлік пен сыйластық екенін терең ұғынуға мүмкіндік берді.






