Қазақ киносының саңылағы: шығармашылық сағат
Абай атындағы әмбебап кітапханасының өнер бөлімі 14 ақпан 2014 жылы Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ киносының саңылағы» атты шығармашылық сағат өткізді.
Кино өнері және Шәкен Айманов жайлы кітаптар мен тың мәліметтерді оқырмандар назарына ұсыну мақсатындағы ұйымдастырылған шара «Өнер өлкесінде» сазды қонақжай клубы аясында өткізілді. Осы клубтың жетекшісі Абай атындағы драма театр әртісі Қазақстанның мәдениет қайраткері Сыдықов Мырзахан кино өнерінің қара нары Шәкен Кенжетайұлы жайындағы қызықты мәліметтерді әңгімелеп берді. Еңбек жолын театр сахнасына бастаған Шәкен Айманов өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек еткен.
Көп жылдар бойы «Қазақфильм» киностудиясында басшылық жасап, қазақ киносының өркендеуіне үлес қосқан актер, режиссер, сценарист комедия жанрында «Алдаркөсе», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» атты фильмдер түсірсе, детектив жанрында түсірілген «Атаманның ақыры» жоғары бағаға ие болды.
Өнер иесінің әншілік және кино саласындағы өнерін дәріптеуде кеш қонақтарына актердің көзі тірісінде түсірілген 2 бөлімді деректі фильм назарға ұсынылды. Кеш соңында «Кино әлемі» атты кітап көрмесіне шолу жасалып өтті.