Бекежан Тілегенов «Қара жел» шығармасы: оқырман конференциясы
16 қазан күні Абай атындағы кітапханада Қазақстанның көрнекті жазушысы, құрмет орденің иегері Бекежан Тілегеновтың «Қара жел» романы бойынша оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараға Семей қаласының Шәкәрім университетінің студенттері және Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Тоқсамбаева Айман Омарканқызы қатысты. Конференция «100 кітап» сауалнамасы аясында өткізілді.
Студенттер мазмұны терең, ой тұжырымы бай баяндама жасап, тыңдаушыларды шығарманың идеялық өзегіне терең үңілуге жетеледі. Бұл роман адам рухының арпалысын, ізгілік пен зұлымдық арасындағы мәңгілік тартысты көркем тілмен, әсерлі жеткізуімен ерекшеленді.
Шығарма 1989 жылы төрт-ақ айдың ішінде жазылып, тоқсаныншы жылдары «Жұлдыз» журналында жария көрген осынау «Қара жел» романы жер әлемге жазылмастай дерт әкелген полигон зардабын баяндайды. Бұл – Кеңестік жүйе тұсында жазылып, басылған, экологиялық апат пен полигон зардабы хақындағы тұңғыш роман, алғашқы көркем шығарма.
«Қара жел» романының басталуы мен дамуы да, байланысуы мен шиеленісуі де, шарықтау шегі мен шешімі де оқырманды асықпай-аптықпай оқуға жетелеп, Семейдегі атом полигонының қасіреті мен Дегелең трагедеясы арқылы бүкіл адамзат баласына ортақ зауалды суреттейді. Автордың тілі мен ерекше стилі жауыр болған тіркестерді жоққа шығарып, таныс оқиғалардың өзін шебер баяндап, жаттанды диалогтарды қолданбай, кейіпкерлерінің ішкі сыры мен сыртқы келбетін келістіре отырып сурет¬теуі де жан сүйсінтеді.
Қатысушылар адам мен қоғам, ар мен ақыл, парасат пен пенделік арасындағы күресті автор өз туындысында шебер көрсете білгенін атап өтті.Талантты қаламгердің бұл еңбегі оқырманға өзін, өз заманы мен қоғамын тануға мүмкіндік беріп, келер ұрпаққа да ой салары сөзсіз.






