Қазақстан біздің Отанымыз: ойын бағдарламасы
25 қазан – Қазақстан Республикасы күнін мерекелеу аясында балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері аталмыш күнінің маңыздылығын түсіндіру мақсатында, қаламыздағы «Айдана» балабақшасының тәрбиеленушілері арасында «Қазақстан біздің Отанымыз» тақырыбында ойын бағдарламасын өткізді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталған шарада балдырғандарға Қазақстанның мемлекеттік егемендігі, еліміздің Мемлекеттік рәміздері, Қазақстан мемлекетінің астанасы Астана жайында ақпарат берілді. Сондай-ақ, балалар «Ел рәміздерін білейік» викторинасына, «Жайлаудағы әсем көрініс», «Астана бейнесінің кескінін тап», «Күн нұрымен бірге» ойындарына белсене қатысып, «Көк ту және достар» атты мультфильм тамашалады.
Балалар туған жер, Отан тақырыбындағы өлеңдер мен әндерді орындап тамаша көңіл күйде болды.
Сондай-ақ, балдырғандар назарына «Менің елім – Қазақстан» атты кітап көрмесі ұсынылып, шолу жасалды.
Шара соңында барлық бүлдіршіндер сөзі белгілі ақын А. Ахметбекұлының, әні Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» патриоттық әнін шырқап, бұл әннің шығу тарихымен танысты.







