Ш. Мұртаза «Ай мен Айша»: оқырмандар конференциясы
30 қазан күні Абай кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы бойынша оқырмандар конференциясы өтті. Іс-шара «100 кітап» ұлттық сауалнамасының қорытындысы аясында ұйымдастырылды. Конференцияға Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің ШТ-2309 тобының студенттері қатысты.
Басқосуда Боянова Назгүл мен Жүнісбек Мадина мазмұны терең, ой тұжырымы бай баяндама жасап, тыңдаушыларды шығарманың идеялық өзегіне терең үңілуге жетеледі. Олардың баяндамалары романдағы аналық махаббаттың құдіретін, соғыс пен қиыншылық кезеңіндегі адам төзімділігін әсерлі жеткізуімен ерекшеленді.
«Ай мен Айша» – автордың өз өмірінен алынған естелік-романы. Онда соғыстың зардабы, ананың мейірімі мен баланың тағдыры, ел мен жерге деген сүйіспеншілік көркем суреттеледі. Шығармада Айшаның бейнесі арқылы қазақ әйелінің қайсар рухы, сабыры мен мейірімі айқын ашылған.
Конференция барысында студенттер шығармадағы Айша мен баласының өмір жолын, олардың қиындыққа мойымай, адамдық пен ар-намысты сақтап қалуға ұмтылысын талдап, аналық махаббат пен адамдық парасаттың биіктігін ашуға тырысты. Оқырмандар жазушының көркем тіл шеберлігі мен ұлттық рухты терең суреттеуін атап өтіп, романдағы оқиғалардың шынайылығы мен тәрбиелік мәніне тоқталды.
Қатысушылар Шерхан Мұртазаның бұл туындысы арқылы адам мен қоғам, ана мен бала, тағдыр мен төзім мәселелерінің терең өрілгенін, жазушының ұлттық болмыс пен рухани тазалықты дәріптегенін атап өтті.
Шерхан Мұртазаның бұл романы оқырманды туған жер мен отбасы қадірін, ананың ұлы бейнесін терең сезінуге жетелейді және келер ұрпаққа рухани тәрбие берер құнды мұра болып қала бермек.





