Кітапханаға тарту: ғалымның сыйы
2014 жылдың 7 сәуірінде Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана қорына Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ғалымы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Ө.С. Сұлтанов бірнеше кітаптарын сыйға тартты.
Ө.С.Сұлтановтың «Қазақтың экономика ғылымы және Алаш қайраткерлері» монографиясында Қазақстанның экономика ғылымына Алаш қайраткерлерінің қосқан үлесі, дамуына сіңірген еңбектері арқау болған. Жан-жақты жүргізілген зерттеулер барысында автор Ә.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің статистика, ауыл шаруашылығы, экономикасы, орман шаруашылығы, жер иеленеу және жер пайдалану және т.б. салалар бойынша жазған еңбектерін сыни тұрғыдан талдап, олардың саясатпен қатар шаруашылық мәселелеріне байланысты көзқарасы, ұстанымы, қызметі туралы баяндайды.
Автордың 2013 жылы Семейден шыққан «Шабыт қайнары» жинағына әр жылдарда жарияланған білім мен ғылым саласына қатысты мақалалары, тарихи-танымдық ізденіс-зерттеулері мен әңгімелер іріктеліп топтастырылған.
«Аймақ экономикасы және басқару» оқу құралында пәннің теориялық негіздері жан-жақты қаралады. Автордың «Аймақ экономикасы және басқару», «Муниципалды менеджмент» пәндерінен дәріс оқып, сабақтар жүргізу барысында жинақталған тәжірибесінің негізінде жазылған еңбек.
«Семей – Қазақстан футболының отаны» кітабы автордың Қазақстан футболының 100 жылдығына орай жүргізген тарихи-танымдық зерттеулері, ізденістері арқау болған. Футболдың қазақ жерінде алдымен бір ғасыр бұрын Семей қаласынан бастау алып, кейін оның қалай дамып, өрбігені жайлы спорт пен салауатты өмір салтын өмірлік ұстанымына айналдырған жұртшылық қызыға оқиды деп ойлаймыз.
Кітапхана қызметкерлері Өмірзақ Сембайұлына ризашылығын білдіріп, болашақта шығармашылық табыстар тіледі.