АУЫЛ МӘДЕНИЕТІ- ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ТЫНЫСЫ : СЕМИНАР
2014 жылдың 12 қыркүйегінде Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Қайнар ауылының Мәдениет үйі ұйымдастырған «Ауыл мәдениеті- ұлттық идея тынысы» тақырыбындағы мәдениет саласы қызметкерлерінің семинарына қатысып қайтты.
Семинар Қайнар ауылындағы Семей ядролық полигонына арналған монументіне және Абыралы көтерілісі мен Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтарға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Семинардың бірінші бөлімінде Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы- Б.К.Көпбаев мырза алғы сөзінде мәдениет саласындағы тың жаңалықтармен бөлісіп, мәдениет саласына еңбегі сіңген қызметкерлерді грамоталармен марапаттады. Қайнар Мәдениет үйінің, Қараөлең, Алғабас, Ақбұлақ ауылы шығармашылық ұжымдарының тыныс-тіршілігімен, Абралы өңіріндегі кітапханалар мен клубтардың жетістіктері мен кемшін тұстарын Қайнар Мәдениет үйінің директоры Қ.С.Тұрысбеков таныстырды.
Семинардың екінші бөлімі Қайнар орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Ақпараттық қоғамдағы кітапханалық инновациялық үрдістер» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен жалғасты. Абай атындағы кітапхана қызметкері Абралы өңірінің кітапханашыларына «Кітапхана ісіндегі жаңашыл бағыттар» тақырыбында кітапхана ісіндегі жаңа бағыттармен таныстырып слайд көрсетілімін ұсынып іс-тәжірибелерімен бөлісті. «Электронды үкімет – egov.kz» сайты және оның тиімділігі», сондай-ақ кітапханадағы жаңашылдық – жүктеп алып, бірден оқуға болатын «QR-код» бағдарламасы жайында шеберлік сағаттарын өткізіп, кітапханадағы 18 QR-кодталған кітап тізімін Қайнар орталықтандырылған кітапханасындағы Онлайн орталығына тарту етті.