Ақынға тағзым
2014 жылдың 7 қарашасында Абай атындағы кітапхана қызметкерлері қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ағартушы-демократ ақын Сәбит Дөнентаевтың туғанына 120 жылдық мерейтойы аясында Семей қаласындағы ақын зиратының басында өткізілген еске алу шарасына қатысып қайтты.
Бұл игілікті іс-шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен Павлодар қаласынан келген ақынның ұрпақтары және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Ақынға арнайы құран бағышталған соң, көрнекті тұлғаның өнегелі өмірі, мұралары жайында алаштанушы С.Тәбәрікұлы, абайтанушы Т.Ибрагимовтер сөз алды. Ақынның туған жерінен келген Шаяхметов Қаршыға арнау өлеңін оқыды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қазақ әдебиетіне өлшеусіз мұра қалдырған талантты ақын қаланың Восход ауылына шыға берістегі мұсылман зиратына жерленген. Кейінгі ұрпақтарына өшпес мұра қалдырған ақынның азаматтығына сүйсініп, қабіріне зиярат етіп қайттық.