Алаш ақиығы – Жұмағали Тілеулиннің туғанына 125 жыл : алаштану оқуы
28 мамыр 2015 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Алаш ақиығы – Жұмағали Тілеулиннің туғанына 125 жылдығына» арналған алаштану оқуы ұйымдастырылды. Іс-шара кітапхана пайдаланылушыларына арналған.
Алаштану оқуы ірі қоғам қайраткері, кітапханамыздың сирек қорында көзі тірісінде жария көрген еңбектері сақталып отырған алаш арысы Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен шығармашылығына арналады.
Кітапханамыздың сирек басылымдар қорындағы құнды ғылыми басылымдар санатындағы ұлт зиялысы Ж.Тілеулиннің 1926 жылы Мәскеуде араб графикасымен қазақ тілінде жарық көрген «Жұқпалы науқастар, оларға қарсы қолданылатын шаралар» еңбегі шараға қатысушы оқырмандар назарын өзіне аударды.
Дәрігерлік қызметін шығармашылық жұмыспен ұштастыра білген Жұмағали қаламынан ең алғашқы қазақ тілінде медицина саласынан бес кітап және көптеген ғылыми мақалалар, орыс тілінен бірнеше аударма кітаптар туған. Сол заманда туған елінде жаңа дамып келе жатқан денсаулық сақтау саласын пайдалы ақпараттар мен байытқан бірден бір автор Ж.Тілеулин болатын.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің бірі, дәрігер, журналист, алаш қайраткері өз ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен боздақтардың бірі Жұмағали Тілеулиннің есімі ұрпақтар жадында қалары сөзсіз тұлға.