Рамазан айына орай ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы өткізілген экскурсия
25 маусымда арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы Абай кітапханасы бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың кітапхана ғимаратының жоғарғы қабаттарына көтерілуі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ» қайырымдылық көмегімен алынған баспалдақ арқылы көтеретін құралдың арқасында жүзеге асып отыр.
Кітапхана қызметкерлері келушілерге Рамадан (Рамазан) айының тарихы туралы қызықты ақпараттар берді. Рамазан – мұсылман күнтізбесінің тоғызыншы айы. Рамазан – мұсылмандардың ауызбіршілігін арттыратын, өзара бауырмашылдығын нығайтатын қасиетті ай. Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с) Хира үңгірінде Жаратқанға оңаша ғибадат етіп жатқан түндердің бірінде Жебірейіл періште (ғ.с) келіп, Құранның алғашқы аяттарын уахи етті. Сол түн мың айдан қадірлі Қадір түні еді.
Шараға қатысушыларды кітапханадағы Абайдың рухани орталығында сақталған заманында Абай оқыған әдебиеттер, 1874 жылы парсы тілінде жарық көрген Құран кітабы, 1829 жылы жарық көрген Гомердің «Илиада» кітабы ерекше қызықтырды.
Сонымен қатар арбаға таңылған азаматтар кітапханадағы оқу залымен, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімімен, шетел әдебиеттері және өнер бөлімдерімен танысты.
Бүгінде баспалдақ арқылы жоғары-төмен көтеретін құралдың көмегімен кез келген адам кітапханадағы барлық бөлімдерге барып, өздігінен кітаптар мен журналдар таңдауға, емтихандарына дайындалуға, кітапхана қабырғасында ұйымдастырылатын тренинг, клубтар мен үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алып отыр.